Африкада құдық қазған атыраулықтар

Атыраудағы «Білім-Инновация» лицейінің 2005 жылғы түлектері қайырымдылық жасап Африка құрлығының Малави мемлекеті ауылдарының біріне ауыз су құдығын қазып берді.
Осы игі іске үлес қосқан түлектің бірі Азамат Иманғалиевтың айтуынша, таңдау Малавиге кездейсоқ түспеген. Сыныптасының бірі сол жаққа іссапармен барып, ол жақтағы халықтың өмір сүру жағдайын өз көзімен көрген.
– Атырауға кері келген соң ол құдық туралы ойымен бізбен бөлісті. Малавидегі ауылдың өкілімен қазақ елінің атынан көмектессек деп сөйлесіп те келген екен. Біз оны бірден қолдай кеттік. Ешқандай жерден көмек сұрамастан, 45 түлек ол құдықты өз қаражатымызға жасаттық. Бұл іс жазда жасалды, біз оны жария еткіміз келмеген. Алайда әлеуметтік желілерге тарап кеткесін, бұл туралы білгісі келгендер көбейді, – дейді Азамат Иманғалиев.
Оның айтуынша, қазылған құдықтың тереңдігі – 55 метр. Аз уақытта біту қажет болған жұмыс әлемді жайлаған пандемия кесірінен жарты жылға созылған.
Малави мемлекектінің 20 мыңға жуық тұрғыны қазақ балаларының арқасында бүгінде тіршілік көзін бірнеше шақырым қашықтықтағы лас өзеннен тасымайтын болды.