Мониторингтік топтардың жұмысы күшейтіледі
Атырау облыстық коммуникациялар қызметінің мәліметінше, аймақ басшысы мониторингтік топтың жұмысын жандандыруды тапсырды.
⠀
COVID-19 ауруының таралуын болдырмау мақсатында құрылған мониторингтік топтың жұмысын талдау мақсатында өткізілген жиынға құзыретті мекеме басшылары мен қала, аудан әкімдері қатысты.
⠀
– Қазір әлемде болып жатқан жағдайды көріп отырсыздар, кейбір елдердегі ахуал күрделі. Тіпті бірқатар облыстағы жағдайды да көріп отырмыз. Сондықтан кез-келген уақытта дайын болуымыз керек. Қауіптің алдын алу үшін мониторингтік топтар, әсіресе, демалыс күндері жұмыстарын күшейтсін. Халыққа түсіндіру, ескерту жұмыстарын да жандандарыңыздар, – деді Махамбет Досмұхамбетов.
⠀
Жиын барысында денсаулық сақтау, полиция, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменттері, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы және қала, аудан әкімдері өз салалары бойынша жасалып жатқан жұмыстары бойынша есеп беріп, ұсыныстарын жеткізді.
⠀
Сондай-ақ, шекара бекетіндегі келушілерге бақылауды күшейту, сенбі-жексенбі күндері тексеріс шараларын көбейту, кәсіпкерлер карантиндік шараларды бірнеше рет бұзған жағдайда лицензиясынан айыру мәслелері де талқыға салынды.
⠀
Осы жылдың 5 маусым мен 20 қараша аралығында мониторингтік топтар 6 120 тексеріс жүргізіп, 15 122 нысан тексерілген. Нәтижесінде, 2 005 материал жинақталып, 86 млн. теңгеге жуық айыппұл салынған. Оның ішінде 579 әкімшілік іс жеке және заңды тұлғаларға қатысты толтырылған.