Тұрғын үй құрылысы бойынша Қазақстан – ТМД-да бірінші

Қазақстан бір адамға шаққандағы көрсеткіш бойынша тұрғын үй құрылысы саласында ТДМ-да – бірінші орында. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.
Елімізде пайдалануға берілген тұрғын үйдің бір тұрғынға шаққандағы көрсеткішісі 0,71 шаршы метрге жетті. Бұл – ТМД елдері арасында ең жоғары көрсеткіш. Аталған көрсеткіш – Ресейде – 0,54 ш.м., Беларусьта – 0,40 ш.м., Өзбекстанда – 0,36 ш.м. тең.
Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша дамыған елдердің деңгейіне жақындады. Мысалы, Жапонияда баспана мәселесін қарқынды шешу кезеңінде жылына бір адамға 0,9 – 1 ш.м. тұрғын үй тұрғызылса, АҚШ-та – 0,7 – 0,8 ш.м., Франция мен Германияда – 0,7 ш.м. шамасында, ал Қытайда ұзақ уақыт бойына тұрғын үй құрылысы саласындағы белсенділік 1 ш.м. деңгейінде болды.
2020 жылдың 10 айында елімізде 94 737 баспана пайдалануға берілді, оның ішінде 34 535-і – жеке тұрғын үй. Салаға салынған мемлекеттік инвестициядан жеке инвестиция мөлшері 6 есе артық.