Психотроптық препараттарды саудалағандар ұсталды
Облыс полицейлері 16 – 20 қарашада «Дәрмек» жедел алдын алу іс-шарасын өткізді.
Шара аясында нашақорлар арасында сұранысқа ие психотроптық дәрілік препараттарды заңсыз сатумен айналысқан үш азамат ұсталды. Олардан 240 «трамадол» мен 18 «тропикамид» дәрілері тәркіленді.
Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Нұрхат Оразбаевтың мәліметінше, Атырау облысында 30-дан астам денсаулық сақтау нысаны және өз қызметтерінде психотроптық заттар мен прекурсорларды қолданатын 20-астам мекеме бар. «Дәрмек» жедел алдын алу іс-шарасы барысында үш емдеу-профилактикалық мекемесі және өз қызметтерінде психотроптық заттармен прекурсорларды қолданатын екі мекеме тексерілген.
Жедел шара қортындысы бойынша Қылмыстық кодекстің 296-баптың 2-бөлігі және 297 баптың 1, 3-бөліктері бойынша 4 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Сондай-ақ, 4 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, қатысы бар тұлғаларды, оның ішінде 1 медицина қызметкерін жауапкершілікке тарту үшін жинақталған құжаттар Атырау облысы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолданды.