«Алтын адам» реконструкциясының тұсауы кесілді
Атырауда Миялы қорғанынан табылған «Ұлы дала жауһары» атты алтын адам реконструкциясының ашылу салтанаты өтті. Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, шараға облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов арнайы қатысқан.
⠀
Ашылу салтанатында Миялы қорғандарынан табылған 250-ге жуық тарихи құндылық көрермен назарына ұсынылды.
⠀
Облыс әкімі шара барысында ұлттық құндылықтарымыздың жандануына ерен еңбек сіңіріп жүрген Қырым Алтынбековтің еңбектерін ерекше атап өтіп, арнайы ризашылығын білдірді.
Миялы қорғандарына жүргізілген қазба жұмыстарының ғылыми жетекшісі Марат Қасеновтің айтуынша, қазба жұмыстары нәтижесінде табылған әйел адам Сармат тайпаларына тиесілі. Әйелдің үстіндегі киімі және әртүрлі жәдігерлері мен бұйымдарының көбі алтыннан жасалған.
⠀
– Қабірді топырақтан тазалау кезінде алтын жапсырмалар мен алтын сырғаның бөліктері де шықты. Қаңқаның аяқ жағынан пішіні шар тәріздес, төртқұлақты қола қазан табылды. Оның жалпы биіктігі – 23 см. Қазанның тігінен орналасқан 4 тұтқасы бар, қарама қарсы орналасқан екеуі жылқының стилдік бейнеленген түрінде қазан ішіне қарап тұрғандай әсер береді. Жылқының жалы, құлағы және құйрығы анық бейнеленген. Одан бөлек темірден жасалған 2 ат әбзелі, белдік жапсырмалар, сырға, құс бейнелі жапсырмалар, алтын жапсырма, қола жебе ұштары, қыш ыдыс секілді жәдігерлер де анықталды, – дейді Марат Қасенов.
⠀
Сонымен қатар, археолог Атырау өңірінде обалардың көп екендігін, әлі де біраз тарихи құндылықтар зерттеліп жатқанын атап өтті.