Ксенон «көзді» көліктерге – айыппұл
Өткен апта облыс орталығында «Ксенон» жедел профилактикалық іс-шарасы өтіп, ондаған көлік жүргізушілері жауапкершілікке тартылған еді.
Олар – көліктерінің жарық беретін қондырғыларын алып тастап, орнына Ксенон, лед лампаларын тағып алып, жол қозғалысы қауіпсіздігін ережелерін бұза отырып өзгелерге апатты жағдай тудыратындар.
Жедел шара аяқталғанмен, полицейлер күнделікті патруль кезінде ксенон таққандарды анықтау жұмыстарын жалғастыруда. Патрульдік полицейлер қалада тек бір сағат ішінде осындай төрт көлікті тоқтатты.
Кешкі 20:35 шамасында Сатбаев көшесінде Toyota Land Cruiser автокөлігінің 18 жастағы жүргізушісіне, сағат 20:45 шамасында Атырау ықшамауданында тоқтатылған Toyota көлігінің 1992 жылғы жүргізушісіне және 20:47 шамасында Азаттық–Әуезов көшелері қиылысында Ваз 2114 автокөлігінің 26 жастағы жүргізушісіне ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 5-бөлігімен «Сыртқы жарық беру аспаптар деректері көлік құралының конструкция талаптарына сәйкес келмейді» әкімшілік хаттама жасақталып, үшеуіне де 13 890 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Атырау қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Ерлан Биғамбаевтың айтуынша, ксенон қондырғысымен жүрген көліктерді анықтап, жүргізушісін әкімшілік жауапкершілікке тарту жұмыстары жалғаса бермек.