Карантин талаптары сақталар емес
Атырауда мобильді топтар демалыс күндері карантин талаптарын бұзу фактілерін анықтады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Мобильдік топтар жұма – жексенбі күндері сауда орталықтары мен тамақтану орындарында санитариялық талаптардың сақталуын және жеке тұлғалардың карантиндік шектеулерді сақтауына бақылау жүргізу кезінде бірқатар заң бұзушылықтарды анықтаған.
⠀
Тексерушілер атап өткендей, «Ақжол», «Castle» «Sultan Hall» мейрамханаларында үйлену және мерейтойлар өткізу фактісі тіркелді. Ал «Мұрагер» сауда үйінде маска режимі сақталмағанымен бірге термометрия жоқ болып шықты. Сондай-ақ, Сәтбаев көшесіндегі «Фудзи» суши барында қызметкерлер маскасыз және қолғапсыз қызмет еткен. 30-дан астам келушілерімен көзге іліккен «Бармаглот» бары сағат 22: 00-ден кейін жұмыс істесе, Жұмыскердегі «Гүлдияс» дүкені сағат 23:00-ден кейін қызмет көрсетіп, режимді бұзған.
Атырау қаласында карантин режимін сақтау бойынша рейд жұмысы күнделікті жалғасуда. Облыс бойынша барлығы 110 мобильдік топ жұмыс істеп жатыр.