Абай мерейтойына арналған спорттық шара өтті
Атырауда шетелдік және қазақстандық боксшылардың қатысуымен ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған жарыс өтті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
⠀
Спорттық шара Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен және «SULEIMEN Promotions» проумоутерлік компаниясының ұйымдастыруымен өтті.
⠀
5 жекпе-жектен тұратын кәсіпқой бокс кеші санитарлық нормаларға сай көрерменсіз өтіп, жұртшылыққа «ХАБАР» телеарнасы арқылы тікелей эфирде көрсетілді.
⠀
Додада қазақстандық 22 жасар Бекзат Нұрдәулетовтің қарсыласы танзаниялық 28 жастағы Ибрахим Маокала болды. Алты раундқа жоспарланған жекпе-жек екінші раундта нокаутпен аяқталды. Осылайша қазақстандық боксшы Бекзат Нұрдәулетов кәсіпқой бокстағы дебютін сәтті бастады.
⠀
Ал Данила Семенов танзаниялық қарсыласы Мусса Аджибуды төртінші раундта техникалық нокаутқа жіберді. Бұл ауыр салмақтағы жекпе-жек алты раундқа жоспарланған.
⠀
Кештің үшінші жекпе-жегі қазақстандық Евгений Павлов пен Танзаниядан келген тәжірибелі Гудлак Мреманың арасында өтті. Екінші жеңіл салмақтағы бұл жекпе-жек екінші раундта аяқталды. Евгений Павлов қарсыласын нокаутқа түсіріп, жеңіске жетті.
⠀
Абылайхан Жүсіпов кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін танзаниялық Мешак Мванкемвамен өткізді. Бірінші орта салмақтағы айқас алты раундқа созылып, төрешілер шешімімен жекпе-жек Жүсіповтің жеңісімен аяқталды.
⠀
Басты айқас қазақстандық боксшы Бек Нұрмағанбет пен танзаниялық Абдалах Пазимен арасында ұйымдастырылған. Жартылай ауыр салмақтағы жекпе-жек алты раундқа созылып, шешім бойынша Нұрмағанбеттің жеңісімен аяқталды.
⠀
Бұл спорттық додада қазақстандық үш бірдей спортшы кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізді. Олар – Данила Семенов, Абылайхан Жүсіпов, Бекзат Нұрдәулетов.