2021 – 2022 жылғы оқу бағдарламасына «Әліппе» қайта енеді
«Әліппе» оқулығын қайта енгізу 2021 – 2022 жылға жоспарлануда. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн баспасөз маслихатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, оқу бағдарламасына қарайластырып «Әліппені» әзірлеу жұмыстары басталды. Бұл жұмыстың соңы ретінде 2021 жылдың қаңтар айынан бастап оқулықтар апробацияға енгізілетін болады. Ол үшін Білім және ғылым министрлігі апробация өткізетін пилоттық мектептердің тізбесін бекіткен.
Бекіткен тізбеге байланысты барлық мектепте «Әліппе» бағдарламасы зерделенеді.
– Одан кейін оқулық даярлаудың барлық кезеңдеріне байланысты толық талдау жасау жұмысы жүрігізіледі. Сараптамадан өткен оқулықтар жаңа оқу жылында енгізіледі. Жалпы «Әліппені» енгізу 2021 – 2022 жылға жоспарланған, – деді Шолпан Каринова.
«Әліппе» Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде дайындалады.