Экоұрықтандыру МӘМС есебінен тегін жүргізілмек

Қазақстанда экоұрықтандыру процедурасын міндетті медициналық сақтандыру аясында тегін жасауға болады. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы хабарлады.
Қазақстанда экстракорпоральды ұрықтандыру процедурасының қолжетімділігі артты. Бұған дейін кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде ғана жасалатын жоғары технологиялық қызметтің бұл түрі биылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне енді.
Жасанды ұрықтандыру – ұрпақ өрбітудің әлемде кең таралған әрі ең заманауи тәсілдерінің бірі. Дүниежүзінде 40 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан бұл әдіс Қазақстанда 1996 жылдан бастап қолданысқа енгізілген еді.
Бүгінгі күні елімізде экстракорпоральды ұрықтандыру тәсілімен 22 мың бала дүниеге келді. Алды бүгінде ата-ана атанып та үлгерді. Ал бедеулікке байланысты тіркеуде тұрған әйелдер саны 9 мыңнан асады.
Естеріңізге сала кетсек, квота бойынша ЭКО бағдарламасына қатысу үшін тіркелген емхана арқылы арнайы есепке тұру қажет. Тиісті көрсетілімдер болған жағдайда дәрігерлер квотаға кезекке қояды.