Миллионға жуық азаматқа консультациялық қызмет көрсетілген

«Азаматтарға арналған үкіметтің» әлеуметтік-еңбек саласы бойынша 1411 бірыңғай байланыс орталығы биылғы 9 ай ішінде азаматтарға 912 мыңнан астам консультациялық қызмет көрсетті. Бұл туралы закон.кз хабалады.
Ең көп қойылған сауалдар қатарына 42 500 теңге әлеуметтік төлемі туралы 400 мыңнан астам, зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру туралы 356 мыңнан астам, сондай-ақ, әлеуметтік мекенжай көмегіне қатысты 50 мыңнан астам қоңыраулар болған.
– Корпорацияның әлеуметтік саладағы рөлі тек қана 1411 байланыс орталығымен шектелмейді. Бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру саласында төлемдердің 44 санаты бойынша 15 мемлекеттік қызмет көрсетеді. Соның ішінде декреттік төлемдер, бала туу мен бір жасқа дейінгі күтімі бойынша жәрдемақылар, зейнетақылар мен басқа да әлеуметтік төлемдер бар, – деді мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымының орынбасары Біржан Жүнісов.
Айта кету керек, биылғы 9 ай ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» әлеуметтік блогының мамандары 20,3 млн. теңге төлем жасаған. Кең тараған қызметтерге тоқталсақ, баланың тууы мен бір жасқа дейінгі күтіміне қатысты жәрдемақы – 315 397, бір жасқа дейінгі бала күтіміне орай табысынан айрылған жағдайда тағайындалатын әлеуметтік төлем – 206 082, жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлем – 154 499.