«Egemen Qazaqstan» мен «Казправда» бірігіп, «Қазақ газеттері» холдингі құрылады
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарын біріктіру мәселесіне қатысты пікірін білдірді. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
– Әлбетте елдегі мемлекеттік БАҚ-тарды мемлекеттік біріктіру – уақыт талабы. Барлық мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік ұйымдар бюджетті оңтайландыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жалпы бұл бірігу – әкімшілік-шаруашылық саланы оңтайландыруды көздейді. Шығармашылық бөлімге оның еш қатысы жоқ, – деді Аида Балаева ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің айтуынша, нақты механизм жолға қойылған. Бірінші кезеңде «Egemen Qazaqstan» мен «Казправда» газеттері біріктіріліп, жаңа жылдан кейін олар жеке ЖШС болып құрылады. Осыдан кейін «Қазақ газеттері» АҚ-қа біріктіріліп, «Қазақ газеттері» деген біртұтас холдинг құрылады. Бұл оңтайландыру ұжымдардың шығармашылық бөлімдеріне мүлде қатысты болмайды.