Бірнеше мектепте санитарлық талаптар сақталмаған

Атырау облысындағы кейбір мектепте санитарлық талаптар сақталмаған. Бұл туралы облыс әкімдігінде COVID-19 инфекциясының келесі кезеңінің алдын алу, қазіргі санитарлық ахуал туралы кеңесте айтылды.
Облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың мәлім етуінше, аймақта 196 мектеп бар. Оларда қазір 23 мың оқушы мектепке білім алуда. Өңірдегі білім ошақтарының санитарлық ахуалын зерделеген мониторинг тобы бірқатар олқылық анықтаған. Мәселен мектептерде санитарлық құралдардың жоқтығы, тіркеу журналдары мен медициналық маскалардың болмауы аурудан сақтану шараларының әлсіздігін көрсетеді.
– Ата-аналар балаларын білім алсын деп мектепке жібереді. Мектепте оқушылардың қауіпсіздігін басты назарға алу керек. Осы орайда бұған мектеп директорлары мен бірінші басшылық жауапкершілікпен қарау керек. Бұл – халықтың аманаты, – деді Хаменова.
Мектептердің басшылары қазіргі сәтте аталған кемшіліктер жойылғанын мәлімдеп, алдағы уақытта мұндай кемшіліктерге жол берілмейтініне уәде берді.
Кеңесте облыс әкімінің орынбасары Ержан Әбілханов кәсіпкерлерді қауіпсіздік шараларына бей-жай қарамауға шақырды. Ал мониторингтік топ өкілдері рейдке төтенше жағдайлар жөніндегі өкілдерді қосуға ұсыныс білдірді. Өйткені көптеген нысанның иелері есігін ашпай, қиындық тудыруда екен.