«Сервистік әкімдік» тағы бір ауданда ашылды
Атырау облысының Исатай ауданының орталығы Аққыстауда «Сервистік әкімдік» ашылды.
Исатай ауданының әкімі Марат Мурзиевтің мәліметінше, мақсат – тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметті бір орталыққа шоғырландырып, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу. Және ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай ашылып отыр.
– « Сервистік әкімдік» кеңсесінің ғимаратында қабылдау кестесі түзілген. Мұнда ашықтық пен жариялылыққа басымдық беріледі. Аталмыш кеңсе 7 ауданда ашылады. Ең басты мақсатымыз – халықпен тікелей диалог орнату. Мұнда 4 мемлекеттік атқарушы органның өкілдері қызмет көрсетеді. Тұрғындар өздерін толғандырған мәселелермен аудандық әкімдікке, басқа да мемлекеттік мекемелерге бармай, осы кеңседен жауап алады, – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыт.