Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметінен кетті
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров қызметінен кетті. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Нұрлыбек Қабдықапаров облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы болып биылғы мамырда тағайындалған еді. Аталған басқарма басшысының уақытша міндетін Асхан Байдуәлиев атқаратын болды.
Асхан Мархабайұлының мамандығы – дәрігер-уролог, медицина ғылымдарының кандидаты.
С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін бітірген. Еңбек жолын аталған университеттің урология және жедел нефрология кафедрасында ассистент болып бастаған. Әр жылдары Алматы облысындағы Қарасай аудандық емханасының директоры, Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті қосымша кәсіби білім орталығының басшысы қызметін атқарған.
Сондай-ақ, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті клиникалық жұмыстар жөніндегі департаментінің директоры, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып жұмыс істеген.
Осы тағайындауға дейін Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары болды.