Қой еті қымбаттауы мүмкін
Елімізде жыл соңына дейін қой еті қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы Хабар-24 хабарлады.
«Шопан ата» ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаевтың айтуынша, өңірлерде шығып жатқан құс тұмауы ақ еттің күрт азаюына алып келсе, сиыр мен қой етіне сұраныс артатыны белгілі. Сондай-ақ, өнімнің қымбаттауына қой шаруашылығы қызып тұрған оңтүстік облыстарда қуаңшылық салдарынан жем-шөптің аз болуы да себеп. Қазір әлемдегі қой етінің орташа құны – бес доллар. Бірақ бұл баға 10 жылда тағы артуы ықтимал. Бүгінде індет салдарынан экспорт азайған. Бұған логистикалық қарым-қатынастың үзілуі себеп боп тұр. Отандық өнімдер Иран, БАӘ, ЕАЭО, Бахрейн сияқты елдерде сұранысқа ие.