Оқушыларға техникалық құрылғылар алынуда
Атырау облысының оқушыларына 15 мыңнан астам ноутбук, 2 мыңға жуық компьютер, 2,5 мың планшет сатып алынуда. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
«Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мүшелері республикалық және жергілікті бюджеттен сатып алынған планшет, компьютер мен ноутбуктардың мектептерге жеткізілуіне қоғамдық бақылау жүргізуді қолға алды.
«Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мамандарының мәліметінше, облыс мектептерін жаңа компьтерлік техникалармен қамту үшін республикалық бюджеттен 2 млрд. 866 мың теңге, ал облыстық бюджеттен 555 млн. теңге бөлінген. Осы қаржыға 15 697 ноутбук, 1 926 компьютер, 2 499 планшет сатып алынды. 18 қыркүйектен бастап 500 планшет Атырау қаласының мектептеріне таратылды. Ал 21-22 қыркүйекте Мақат ауданына – 206, Махамбетке – 273, Исатайға – 240, Жылыойға – 400, Индерге – 240, Құрманғазыға – 400, Қызылқоға ауданына 240 планшет жіберілді, Планшеттерді аудандарда құрылған арнайы комиссия қабылдап алған.