Қазақстаннан ет экспортталатын елдер
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстаннан қай елдерге ет экспорты бойынша келісімдер бар екені туралы айтты. Бұл тупалы ҚазАқпарат хабарлады.
Ет өнімдері және ет шикізатын экспорттау келесі елдерге жүзеге асырылады:
Біріккен Араб Әмірліктеріне ірі қара және ұсақ малдан алынған ет және ет өнімдерінің және үй құстарының экспорты ашылды.
Иранға мұздатылған және салқындатылған қой еті сондай-ақ вакуумдық қаптамада қапталған мұздатылған сиыр еті және салқындатылған сиыр еті тасымалданады.
Бұдан бөлек, 2019 жылғы 14 мамырда Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы өзінің интернет-ресурсында сиыр етін ҚХР-ға экспорттауға құқығы бар 4 қазақстандық кәсіпорынды қосу туралы ақпаратты орналастырды. Қазіргі уақытта ҚР АШМ қазақстандық ет өңдеу кәсіпорындарының тізімін кеңейту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар, мұздатылған қой етін ҚХР-ға экспорттау құқығы бар кәсіпорындардың тізіліміне 4 кәсіпорын енгізілген.
Жапон тарапымен қол жеткізілген уағдаластықтар аясында Министрлік Жапония нарығына жылқы етін экспорттауға мүдделі 34 қазақстандық ет өңдеу кәсіпорынының тізімін ресми түрде жіберді. Қазақстан Республикасының 13 өңірінен, яғни Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстары және Алматы мен Шымкент қалаларынан кәсіпорындар Жапонияға жылқы етін жеткізуді жоспарлап отыр.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге тоқталсақ, ет пен ет шикізаты және дайын ет өнімдерінің экспорты Кеден одағы комиссиясының 2010 жылғы 18 қарашадағы №455 шешімімен бекітілген Ветеринариялық сертификаттардың бірыңғай нысандарының сүйемелдеуімен Кеден одағы Комиссиясының 2010 жылғы 18 маусымдағы № 317 шешімімен бекітілген Тауарлардың бақылаудағы ветеринариялық бақылауына қойылатын бірыңғай ветеринариялық талаптарға сәйкес жүзеге асырылады. Мұнымен қоса, ет және ет өнімдерін ТМД-ға мүше мемлекеттерге экспорттау 1993 жылғы 12 наурызда қол қойылған ветеринария саласындағы ынтымақтастық туралы келісім аясында жүргізіледі.