Мүмкіндігі шектеулі жандар пойыз билетін онлайн ала алады
2019 жылдың 1 шілдесінен бастап «Mobius» жол жүру билеттерін ресімдеудің жаңа жүйесіне толық көшу жүзеге асырылды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Олардың мәліметінше, бұл электрондық жүйе халыққа билет сатып алу шарттарын едәуір жақсартты. Сондай-ақ, орын болмаған жағдайда жолаушыға өтінім жасауға мүмкіндік беретін «күту парағы» сияқты жаңа функциялар пайда болды. Сол бойынша бос орын пайда болғанда, яғни билеттер қайтарылған жағдайда жолаушының электрондық поштасына хабарлама жіберіледі.
Сонымен қатар, 2019 жылдың тамыз айында жолаушыларды тасымалдау ережелеріне өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес барлық топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға, сондай-ақ мүгедек балаларға әлеуметтік маңызы бар бағыттарға билет 50% жеңілдікпен сатылады.
«Тұлпар-Тальго» коммерциялық поездарында тасымалдаушының қалауы бойынша мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін мамандандырылған орындарға 70% жеңілдік белгіленген. Сондай-ақ, 2020 жылғы 26 маусымынан бастап bilet.railways.kz сайтында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жеңілдікпен сатылатын билеттерді онлайн ресімдейтін жаңа қызмет пайда болды. Ондай билеттерді онлайн ресімдеу үшін жолаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ билет кассасына тіркеуден өтіп, бірегей символдар жиынтығы бар «Мейірім» электронды дисконттық картасын алуы қажет.
Тіркелгеннен кейін жолаушы билеттерді үйден шықпай-ақ жеңілдетілген бағамен онлайн сатып ала алады. Электрондық карта іске қосылған сәттен бастап бір жыл бойы жарамды болады және оның мерзімін ұзарту жолаушыдан өтінімді қайта алмай-ақ жүргізіледі.