«Үкіметтік емес ұйымдар академиясы» құрылады
Қазақстанда «Үкіметтік емес ұйымдар академиясы» жобасы жүзеге асырылады. Мұндай пікірді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет «Даму тарихы: іштей көзқарас» атты 11-ші жыл сайынғы халықаралық конференциясында білдірді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
– Тұрақты әрі бәсекеге қабілетті үкіметтік емес ұйымдарды дамыту үшін «Үкіметтік емес ұйымдар академиясы» деп аталатын жоба құрып, оларды кәсібилендіру бойынша шаралар қабылдау жоспарланып отыр. Академияның құрылуы бұл сектордың дамуы үшін жақсы алғышарттар жасап, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары мен қызметкерлерінің құзіреттілігін арттырады деп ойлаймыз, – дейді ол.
Оның атап өтуінше, «Асар» бизнес пен мемлекеттің үшжақты серіктестігі тұғырнамасы тұрақты түрде жұмыс істейтін болады. Аталған тұғырнама аясында бизнеспен бірге әлеуметтік бастамаларды дамыту көзделген. Сонымен қатар, ауылдық үкіметтік емес ұйымдардың да қызметін жандандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп, еліміздің барлық өңірлерінде олардың әлеуетін арттыру жобалары жүзеге асырылуда.