Елдегі сұранысы жоғары көліктер
7 ай ішінде Қазақстанда 272,9 млрд. теңгеге 37 066 автокөлік шығарылды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
«ҚазАвтоӨнеркәсіп» Қазақстанның автомобиль саласы кәсіпорындары одағының мәліметінше, 7 айда жеңіл, жүк көліктерін, автобустарды, арнайы машиналар мен тіркемелерді қоса алғанда жалпы құны 272,9 млрд. теңге болатын 37 066 автокөлік құрастырылған. Шығарылған көлік түрлерінің көлемі өткен жылғы көрсеткіштен 50 пайызға жоғары болып отыр.
Елімізде 32 128 жеңіл көлік құрастырылып, өсім 44,2 пайызға жетті. 873 автобус құрастырылды. Жүк көлігін құрастыру 2,9 есеге артып, 3 484-ке жетті. 152 арнайы техника мен 429 тіркеме шығарылды.
Республика тұрғындары жергілікті өндірістен шыққан көліктерді сатып алуға 222,2 млрд. теңге жұмсады. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 41,1 пайызға жоғары. Жыл басынан бері еліміздің кәсіпорындарында құрастырылған көліктердің ішінде Lada (9 663), Hyundai (8 030), Ravon (4 077), KIA (3 695) және Chevrolet (939) маркаларына сұраныс жоғары. Бұл қатарға JAC (547), UAZ (279) және Skoda (209) көліктері де кіріп отыр.
2020 жылдың қаңтар-шілдесінде 5 851 автомобильді жеңілдетілген автонесие мемлекеттік бағдарламасына қатысушылар сатып алған.