Ауылдарға асфальт төселіп, газ жүргізілуде
Махамбет ауданы ауылдарына ауылішілік жолдар салынып, олардың құрылысына «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында ауыл азаматтары тартылуда. Бұл туралы Атырау облыстық коммуникациялар қызметі хабарлады.
Аудан орталығынан оңтүстік-шығысқа қарай 40 шақырым жерде орналасқан Талдыкөл ауылында қазір мыңның үстінде тұрғын тұрады. Халық санының артуы себепті ауылда жаңадан көшелер бой көтеруде. Жаңадан инфрақұрылымдар жүргізіліп, газ желісі тартылуда. Кіре беріс жол құрылысы да биыл басталды.
Жол құрылысын жасаушы «Казком сервис» мердігер компаниясының басшысы Нұрлан Қайреденовтің айтуынша, Талдыкөл ауылында жасалынып жатқан жолдың ұзындығы 3 шақырымнан асады.
– Екі жолақты автомобиль жолдарын салу жұмысына «Жұмыспен қамту–2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 27 адам жұмысқа тартылды. Құрылысқа қажетті өнімдердің бәрін жергілікті жерден жеткізудеміз, – дейді Нұрлан Қайреденов.
Талдыкөлмен бірге Ақтоғай, Бейбарыс, Аққайың ауылдарында ауылішілік жол салынып жатыр. Сонымен қатар, Сарайшық, Ортақшыл, Талдыкөл ауылдарына газ тарту жұмыстары жүріп жатыр.