Атырауда ауа ластануының себебін анықтайды
Атырауда ауадағы күкіртсутегі концентрациясының шектен тыс артуына кінәлілер белгілі болды. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тұрғындар шағым айтқан қаладағы жағымсыз иіс пен күкіртсутегінің иісі «Су Арнасы» компаниясының қаладағы тазартылмаған суларды ағызуымен, сондай-ақ Атырау мұнай өңдеу зауытының қалдықтарымен байланысты болып шықты.
— Экология министрлігі қабылдаған шаралардан кейін сот арқылы «Су Арнасы» қызметі тоқтатылып, АМӨЗ жоспарлы жөндеуге кірісті. Қалада ауаны ластау мәселесін Атырау әкімдігінің тазарту нысандарын салу жөніндегі миллиардаған қаржы тұратын жобасын жүзеге асыру арқылы шешу керек, дегенмен ол кешіктірілуде, — деп мәлімдеді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу комитетінің төрағасы Зұлфыхар Жолдасов.
Оның айтуынша, Экология министрлігі ағын суларға жауап беретін компанияларды, соның ішінде АМӨЗ-ді тексеруді бастайды. Жергілікті әкімдік «ҚазМұнайГазбен» бірлесіп, арнайы келісімге сәйкес, қалада лас су жиналуы салдарынан күкіртсутегі булары пайда болатын орынды қалпына келтіруді қолға алуы керек.