«Корона-такси» қызметі пайда болмақ
Атырауда «корона-такси» қызметі іске қосылуы мүмкін. Бұл туралы Атырау облысына үкіметтік комиссияны бастап келген Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың қатысуымен өткен онлайн-брифингте белгілі болды, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Қазіргі уақытта өңірдегі медициналық ұйымдарда 41 жедел жәрдем автокөлігі жұмыс істеуде. Бұл сан әлі де толықтырылып, коронавируспен күрес жүргізу бағытында бірқатар шаралар жүзеге асатын болады.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Атыраудағы қазіргі жағдай күн тәртібіне қойылған болатын. Облыстағы бүгінгі ахуал шұғыл шешім қабылдауды қажет етеді. Сондықтан біз облыс әкімдігіне бірқатар тапсырмалар жүктедік. Соның ішінде инфекциялық стационарлардағы кереует санын арттыру, мобилді топ құру және «корона-такси» қызметін іске қосу тапсырылды, — деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.
Бұғандейін де Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «корона-такси» қызметін жүзеге асыруды айтқан болатын. Бұл жедел жәрдем қызметінің жұмысын жеңілдететін болады.