Атырау–Орал тасжолы қайта жаңартылады
Қазіргі уақытта республикалық маңызға ие Атырау–Орал қалалары арасындағы автомобиль жолында (75–125 шақырым) қайта жаңарту жұмыстарын жүргізуге арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлейтін компанияны анықтау жүріп жатыр. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабар таратты.
Осылайша, ЖСҚ дайын болған соң, жолшылар тасжолдың 50 шақырымында құрылыс-монтаждау жұмыстарына кірісетін болады.
Каспий теңізінің порттарына шығуға мүмкіндік беретін жол осыдан 15 жыл бұрын жөндеуден өткен. Үшінші техникалық санаттағы тасжолдың құрылымы осьтік жүктемесі 8 тоннаға дейінгі көлік құралдарына лайықталып, тәулігіне шамамен 3000 көлікті өткізе алады. Бүгінгі таңда Қазақстанда автомобиль жолдарын салу мен қайта жаңарту оське 13 тоннаға дейінгі есептік жүктемемен жүзеге асырылады.
Атырау–Орал бағытындағы автомобиль жолы 2020–2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында қайта жаңартылған соң төрт және екі жолақты болады деп күтілуде.