Атырау қаласы: кіруге де, шығуға да болмайды

Бүгіннен бастап тосқауыл бекеттерінен өтуге рұқсаты бар автокөліктер ғана өте алады, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Атырау қаласының прокуроры Аршат Тайтуллиннің хабарлауынша, карантин кезеңінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қала бойынша белгіленген уақытша шектеулерге 674 қызметкер мен 68 автокөлік жұмылдырылған.

Оның ішінде ішкі істер органдарының 500 қызметкері, Ұлттық ұланның 94 әскери қызметшісі, Қорғаныс министрлігінің 80 қызметкері бар.

Ал қаланың шығу жолдарында ұйымдастырылған төрт блокпосттың жұмысын қамтамасыз ету үшін ішкі істер органдарының 48 қызметкері, Қорғаныс министрлігінің 56 қызметкері және 12 арнайы автокөлік жұмылдырылды.

— Прокуратура құрған мобильдік топтар бұрынғысынша қала аумағында төтенше жағдай режимін бұзу фактілерін анықтайтын болады. Осыған орай, халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрғындарды карантиннің барлық шарттарын сақтауға шақырамыз, — деді Атырау қаласының прокуроры Аршат Тайтуллин.

30 наурыздан бастап қалада карантин жарияланып, атыраулықтарға үйден себепсіз шығуға тыйым салынған еді. Сонымен қатар, жеке және қызметтік көліктерді пайдалану да шектелген.