«Берекедегі» екі үй карантинге арналмақ
Атыраудағы коронавирус жұқтырған адамдармен байланыста болғандарды оқшаулау үшін 480 пәтер дайындалатын болды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабар таратты, деп жазды Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Бисембиев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Атырау қаласы әкімі орынбасары Ринат Жаңғылышовтың айтуынша, қаладағы «Береке» ықшамауданында тоғыз қабаттан тұратын көппәтерлі 10 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Дәл қазір солардың үшеуі пайдалануға дайын және оның біреуіне бұған дейін апатты үйлердің тұрғындары орналастырылған еді.
– Қалған дайын екі үйге коронавирус жұқтырған науқастармен байланыс жасаған адамдарды орналастыратын боламыз. Екі үйде тиісінше 240-тан 480 пәтер бар, – дейді Ринат Жаңғылышов.
Қазіргі уақытта полицейлердің күшімен дайындалып жатқан екі үйді дезинфекциялау жұмыстары жасалатын болады. Сондай-ақ, ол жұмыстар алдағы уақытта күніне 3 реттен жасалатын көрінеді.
Карантинге арналған үйлерден сол жердің тұрғындарына ешқандай қауіп төнбейді. Бұл жерге науқастармен араласқан адамдарды уақытша орналасатырады, деп сендіреді әкімдіктегілер.