Бұрынғы президент коронавирустан қайтыс болды
Конго Республикасының бұрынғы президенті Жак Жоаким Йомби-Опанго 81 жасында коронавирустан көз жұмды, деп хабарлайды ВВС.
Отбасы мүшелерінің айтуынша, ол індет жұқққанға дейін басқа аурумен ауырған.
1979 жылы мемлекеттік төңкеріс жасаған қазіргі президент Дени Сассу Нгессо таққа отырғанға дейін Конго Халық Республикасын 1977 жылдан бастап 2 жыл басқарған Йомби-Опанго – бірнеше жыл түрмеде отырған саяси қайраткер. 1991 жылы елде көппартиялы демократиялық жүйе орнағанның арқасында ол темір тордан босап шығып, 1997 жылы болған азамат соғысына дейін Конгоның премьер-министрі қызметін атқарды. Кейін Францияға қашып, мұнайдан түскен қаржыны талан-таражға салды деген айыппен сырттай 20 жылға сотталды. Бірақ 2007 жылғы рақымшылыққа ілігіп, 2010 жылы Конгоға қайта оралған Йомби-Опанго оппозицияда белсенділік танытқан.