Атырауда коронавирус жұқтырған үш адам анықталды
Бұл туралы Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Бисембиев әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Бірінші науқас 21 наурыз күні Нұр-Сұлтан қаласынан келген. 26-наурызда ОРВИ-дің белгілері болуына байланысты жедел түрде анализдері алынып, соның нәтижесінде, инфекция жұқтырғаны анықталған.
Екінші науқас 17-наурыз күні Атырауға Алматы арқылы Стамбұлдан келген екен. Шетелде жүріп ауру жабыстырған нұрсұлтандық тұрғынмен қарым-қатынаста болғандықтан оны да тексерген кезде коронавирустың белгілері шыққан.
Ал үшінші адам кеше Амстердамнан жеткен. Бірден карантинге жатқызылып, анализдері алынған. Тест нәтижесі бойынша, оның да инфекция жұқтырғаны белгілі болды.
Ж.Бисембиевтің айтуынша, үш науқастың жағдайы қанағаттанарлық көрінеді. Тиісті протоколға сай, емдеуге жатқызылған. Қазір олар жіті бақылауда.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасы бойынша жалпы саны 125 науқас тіркелген:
Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус жұқтырғандар саны – 60, Алматы қаласында – 48, Қарағанды қаласында – 4, Жамбыл облысында – 3, Атырау облысында – 3, Шымкент қаласында – 2, Алматы облысында – 1, Ақтөбе облысында – 1, Солтүстік Қазақстан облысында – 1, Ақмола облысында – 1, Павлодар облысында – 1;