2020 жылға қарай Өзбекстан мен Қазақстан сауда-саттық көлемі 5 млрд-қа жетеді

Өзбекстан – Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Екі мемлекеттің өзара ынтымақтастығы барлық бағыттарда кеңеюде. Екі ел арасындағы сауда-саттық тұрақты өсіп келеді. Өткен жылы ол 2 млрд доллардан асқан. 2020 жылға қарай бұл көрсеткіштер 5 млрдқа жетеді деп күтіліп отыр. Ресми Ташкент Қазақстанға көкөністер, жемістер, табиғи газ, қорғасын, мырыш, киім, құрылыс материалдарын, электр және жеңіл өнеркәсіп өнімдерін жеткізеді. Өз кезегінде біздің еліміз Өзбекстанға қара металдар, бидай, ұн, май, алюминий, мыс рудалары мен күмістер экспорттайды.

БАХТИЁР ЭРГАШЕВ, «MA’NO» ЗЕРТТЕУ БАСТАМАЛАРЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 — Қазақстан үшін өзбек нарығы тартымды болары анық. Сонымен бірге өзбекстандықтар да Қазақстан нарығындағы жағдайды бағамдай алады. Бұл ортақ кластер құруға негіз болады. Біздің бүгінгі қатысушыларымыз мұны әр түрлі атайды. Бірі тізбек десе, енді бірі екіжақты фармацевтикалық кластер деп атап отыр. Оған болашақта басқа елдер де қосылуы мүмкін. Бұл – шын мәнінде жаңа бағыт. Мұндай бағыт бұрын болған емес. Осыны дұрыстап қолға алу керек.

Қазақстан мен Өзбекстанның ауылшаруашылығы, жеңіл және ауыр өнеркәсіп, құрылыс, машина жасау, көлік коммуникациялары, мұнай-газ өнеркәсібі сияқты салалардағы ынтымақтастығын кеңейтуде айтарлықтай әлеуеті бар. Сонымен қатар ақпараттық секторда және баламалы энергетика саласында да ілгерілеу бар.

АСҚАР НҰРША, АЛМАТЫ МЕНЕДЖМЕНТ УНИВЕРСИТЕТІ МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚ ЖОҒАРЫ МЕКТЕБІНІҢ ДЕКАНЫ:  

— Сыртқы саясаттағы ұстанымымызды аймақтық мәселеге көбірек назар аударту керек сияқты. Өйткені Қазақстанның бауырмалдық тамыры дәл осы аймақта жатыр. Сондықтан тамыры неғұрлым күшті болса, сыртқы саясатымыз да соғұрлым мықты болады.