Назарбаев Парламент сайлауы қашан өтетінін айтты

Елордада Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен партия саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.

Жиында еліміздің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда Парламент сайлауы мерзімінен бұрын өтпейтінін айтты.

«Саяси тұрақсыздықтан бірінші кезекте кім зардап шегеді? Қарапайым халық. Халықтың өмір сүру деңгейі нашарлайды, себебі экономика құлдырайды. Біреулер шу шығарады, шығып сөз сөйлейді. Демонстрациялар, шерулер және тағы басқа. Тәртіп, билік жоқ жерде проблема шешілмейді. Әр адамның қауіпсіздігі, ел қауіпсіздігі бұзылады. Күнделікті тұрмыстық, экономикалық проблемалармен айналысуға уақыт болмайды. Қоғамды қайта-қайта дүрліктіретіндердің барлығына тағы бір рет айтарым, барлық сайлаулар конституциялық мерзімдерде өтеді. Осымен бұл тақырыпты жабайық», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұған дейін Елбасы бүгінгі күні бүкіл әлемде саяси партиялар жаңа міндеттерге тап болып отырғанын айтқан еді.