Биыл 7 385 шаршы метр асфальт қайта салынды
Жыл басынан бері облыс аумағында автокөлік жолдарының 7385 шаршы метр асфальтбетон жамылғысы қайта салынды, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Автокөлік жолдарында анықталған ақаулар және ҚР мемлекеттік стандарттарына сәйкес келмейтін жол құрылыс материалдарын сапалы материалдарға ауыстырып, қайта салуды мердігер мекемелер өз есебінен жүргізген. Бұл туралы «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының бөлім бастығы Нұрлан Жантурин мәлім етті.
Филиал инженерлері құрылысы жүріп жатқан және кепілдік мерзімде тұрған жолдарды тексеру барысында бірнеше ақау анықтаған. Сапасыз салынған жолдар мен ҚР мемлекеттік стандарт талаптарына сай келмейтін жол құрылысына қажетті материалдарды жарамсыз деп тауып, мердігерлер мен тапсырыс берушілерден қайта қалпына келтіруді талап еткен.
– ҚР Мемлекеттік стандарттарына сәйкес келмейтін жол құрылыс материалдарын сапалы материалдарға ауыстырып, жалпы көлемі 121 мың шаршы метр жолдың бетіне өңдеу жұмыстары жүргізілді. 7 385 шаршы метр асфальтбетон жамылғысы қайта салынды. Сонымен қатар, 10 текше метр темірбетонды конструкция, 1167 дана көпір құрылымы, 2571 тонна инертті материал жаңартылды. Бұған мердігер мекемелердің өз есебінен жалпы құны 418 млн. 544 теңге жұмсалды, – деді Н.Жантурин.
Оның айтуынша, жыл бойы Атырау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына 13 мәрте хат жазылған. Оның үшеуі бойынша техникалық қадағалаушыларға айыппұл салынып, 1 техникалық қадағалаушының жарты жылға аттестаты тоқтатылған. Ал 9 хатқа теріс жауап алынып, 1 хат жауапсыз қалған.
Айта кетейік, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалы инженерлері жыл басынан бері облыс аумағындағы 95 нысанға 524 рет шығып, жол сапасын тексерген. Нәтижесінде 260 ақау анықтаған. Жол құрылысына пайдаланылған материалдардан алынған 2 229 сынаманы филиал зертханасында тексеріп, 717 сынама ҚР Мемлекеттік стандарты бойынша талаптарға сәйкес еместігін анықтаған.