Oxford Dictionary қазақша «сөйледі»
Тұңғыш мәрте Oxford Qazaq Dictionary негізінде қазақ тілі Oxford Global Languages платформасына қосылады. Бұл қазақ тілінің әлемдегі ең танымал әрі ең беделді сөздік желісіне енуін, ғаламдық лингвистикалық ортаға қосылуын білдіреді, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы әзірлеген сөздіктің тұсаукесеріне Назарбаев Университеті президентінің міндетін атқарушы Илесанми Адесида, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Иса Қазыбек Жарылқасынұлы, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлы қатысты.
– Цифрлық дәуірде тілдің болашағы қандай болады және біз тілді қалай сақтай аламыз? Қазір біздің көзқарасымыз бар. Министрліктің қабылданған Жеті жылдық тұжырымдамасы шеңберінде қазақ тілін цифрлық әлемде жүйелеу арқылы сақтау маңызды бағыттардың бірі болып табылады, өйткені бүгінде тілді сақтаудың кепілі цифрлық және виртуалды платформаларда жүйелі түрде кодификацияланған бірыңғай тілдік корпус құру болып табылады. Бұл сөздік – қазақ тілінің әлемнің 100 аса маңызды және базалық тілдерінің сөздік құрамын біріктіретін жалпы жаһандық тілдік корпусқа енуіне қосқан үлесі, – деп атап өтті Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Өйткені бүгінде тілдің сақталуының кепілі әлемнің цифрлық виртуалды платформаларында толығымен жүйелі түрде кодталған біртұтас тілдік корпус түрінде қамтамасыз етілген.
Әлемге әйгілі Оксфорд университетінің баспасынан ресми рұқсат алынып, Oxford English Dictionary әдістемесі мен технологиясына сәйкес әзірленген сөздікті басып шығаруда 50-ден астам тәжірибелі лингвист – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандары төрт жыл үздіксіз еңбек етті.
Сөздік құрастыру аясында қазақ және ағылшын тілі лексикасындағы өзгерістер, әсіресе, қазіргі мәдениет, ақпараттық технологиялар, медицина, экономика, қаржы мен сауда саласындағы жаңалықтар ескерілді.
Сондай-ақ, сөздікте ағылшын және қазақ тілдерінің грамматикасы мен дыбыстау, емле ережелері түсіндірілетін қысқаша нұсқаулықтар, қазақ тіліндегі іскерлік және электронды хат-хабар жазу үлгілері берілді. Жалпы көлемі 1300 беттік тұңғыш қазақша-ағылшынша және ағылшынша-қазақша Oxford сөздігі 60 мың сөзден тұрады. Сөздік 10 000 дана таралыммен басылды.
– Оксфорд университетінің баспасы өздерін дүниежүзіндегі ең сенімді сөздік құрастырушы баспа ретінде таныстырады. Олар өздеріне және әріптестерінің жұмысына жоғары талап қояды. Сондықтан бізге өте ауқымды деңгейде жұмыс жүргізу қажет болды. Сөздікті толықтай құрастырған соң оны сараптамаға жібердік. Oxford University Press баспасы екітілді Oxford Qazaq Dictionary сөздігін шығаруға ресми рұқсатын берді. Сөздікті әзірлеуде дүние жүзіне танымал Oxford English Dictionary сөздігін құрастыру әдістемесі мен технологиясы негізге алдық, – деді «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлы.
Сөздіктің 50 данасы NU-дың кітапханасына берілді. Тұсаукесер аясында бірқатар білім, ғылым және мәдениет қызметкерлері қазақ тілін дамыту мен насихаттауға қосқан үлесі үшін ведомстволық награда – «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісімен марапатталды.
Айта кетейік, Оксфорд университетімен келісімге қол қою рәсімі қаңтар айында Оксфордта болады.