«Суретші көзімен» кітабының таныстырылымы өтті
Атырауда Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Халықаралық театр фестивальдерінің лауреаты, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, Мәдениет саласының үздігі, Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театрының бас суретшісі Темірбек Мұхтаровтың «Суретші көзімен» атты кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының басшысы Сара Ізмұханбетова іс-шараны ашып, кітап таныстырылымының маңызына тоқталды. Сондай-ақ, кітапхана ұжымы атынан Темірбек Мұхтаровқа шығармашылығына сәттілік тілей отырып, алғысхат табыстады.
Әдеби кешке Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің басшысы Т.Орынбасарұлы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалының «Атырау облысы бойынша Кәсіби даму институтының» басшысы Роза Даулетова, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Үздік өлкетанушысы, Ақпарат саласының үздігі Т.Жаңабайұлы және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Шахман Нағымов пен Т.Мұхтаровтың ұстазы Әбида Құсыманқызы арнайы қатысып, авторға құттықтау тілектерін білдірді.
Темірбек Мұхтаровтың ұстазы, жерлесі Роза Даулетова суретші кітабының мазмұнын айтып өтті.
– Мен Темірбек Мұхтаровты бала күнінен бастап өте жақсы білемін. Ол алғашқы еңбек жолын Кулагино ұлттық гимназиясында бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі болып бастады. Сол уақытта сынып жетекшісі болып, сыныбымен бірге «Жерде жасыл желек атуы үшін» деген бағдарлама дайындады. Кіші Өнер академиясында еңбеп етіп жүрген кезінде осы бағдарламасын толыққанды аяқтап, методикалық әдістемелік құрал жазып шығарды. Бұл туынды жастарды тәрбиелеуде руханиятқа мән беріп, олардың жан дүниесіне қылау түсірмей, жасыл күйінде биікке көтеру қажет деген мәселені көтереді. Бүгінгі кітабының бір бөлімі де осы жасыл желекке арналады. Бұл кітаптың оқырмандарына берер мәні зор. Соның ішінде, бала тәрбиесімен айналысатын педагогтарға, бейнелеу өнері мұғалімдері мен суретшілерге тың ақпараттар беріп, үлкен көмегі тиетін туынды, – деді Роза Дәулетова.
Сонымен қатар, мәдени іс-шарада Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрының жас әртістері театрландырылған қойылым сахналады. Сондай-ақ автордың суреттерінен көрме жасақталып, көрермен назарына ұсынылды.
Айта кетейік, автордың «Суретші көзімен» атты жаңа туындысында бейнелеу өнері, мәдениет, руханият, қоғам, театр және сахна мен сурет, көрме тақырыбында бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген еңбектері, публицистикалық мақалалары, ұсыныстары, тезистік ойлары, өлеңдері мен сұхбаттары енгізілген. Кітап дүниеге суретшінің көзімен қарай отырып, жаңаша инсайт алуға, өмірді өнер тілі арқылы өзге қырынан пайымдауға шақырады.