ҚР Көлік министрі: Атырауда сапасыз жолдарды жөндеуге мүлде ақша бөлінбеген
ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев автожол саласын дамыту мәселелері жөніндегі Үкімет отырысында жолдардың сапасы бойынша негізгі шағымдар жергілікті жердегі жолдарға қатысты екенін айтты, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Жергілікті жолдарды нормативтік жағдайға келтіру үшін өткен жол-құрылыс маусымында жөндеу жұмыстарымен 4,2 мың км қамтылған, оның 3,6 мың шақырымы биыл аяқталып жатыр.
Жергілікті жолдарды жөндеуге 384 млрд теңге бөлінген, оның ішінде жергілікті бюджеттер небары 81 млрд (21%) теңгеге шығындалған. Сонымен қатар, кейбір аймақтар жолдардың жай-күйі бойынша төмен көрсеткіштерге ие бола отырып, жөндеу жұмыстарына ақша мүлдем бөлінбеген. Бұл Абай, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарына қатысты.
Сондай-ақ, министр жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау сияқты маңызды факторға тиісті деңгейде көңіл бөлмейтін өңірлерді атап өтті.
– Сапа сараптамасымен жергілікті желінің 85% ғана қамтылған. Ақмола, Қарағанды және Қостанай облыстарында сараптамамен төмен қамту байқалады. Регламент бойынша объектілердегі жұмыстардың сапасын бақылау айына кемінде 4 рет жүргізілуі тиіс. Алайда Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында құрылыс маусымы барысында объектіге тек бір рет қана келіп, тексеру фактісі тіркелген, – деді Көлік министрлігінің басшысы.
Бүгінгі таңда Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы жол-құрылыс материалдарының 27 мың сынамасын іріктеп алып, сынақтан өткізді. Нәтижесінде, 2,9 мың сынама нормаларға сәйкес келмейтіні анықталды. Ендігі кезекте кемшіліктерді жою шаралары жүргізілуде. Осылайша мердігерлердің өз қаражаты есебінен 2 млрд теңгеге қайтадан жол салу жұмыстары жүргізілген.
Аталған ескертулерге байланысты әкімдіктерге жолдардың жай-күйін жақсарту үшін жергілікті бюджеттен қосымша қаржыландыруды жоспарлап, құрылыс маусымы барысында жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптамамен толық қамту бойынша келісімшарттар жасасу ұсынылды.