Облыста 153 елдімекеннің 98-і интернет желісіне қосылған
Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкенов «Қазақтелеком» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Қуанышбек Есекеев бастаған мекеме өкілдерімен кездесті. Күн тәртібінде аймақтағы байланыс операторларымен телекоммуникация желілерін дамыту жоспары қаралды, деп хабарлайды БАТЫС.ИНФО.
Кездесуде облыстағы «Қазақтелеком» АҚ-ның қол жеткізу желісін пайдалану департаментінің директоры Ерсайын Дүйсемалиев баяндама жасады. Ол аймақта 153 елдімекеннің 98-і интернет желісіне қосылғанынын, қалған ауылдар 2024–2025 жылдары радиомост технологиясын арқылы қосу жоспарланғанын айтты.
– Биыл жоспарға сәйкес абоненттердің мыс желілерін оптикалық желіге ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұның нәтижесінде тұтынушыларға 500 Мбит/с жылдамдықпен Интернетке, ID TV теледидарына+цифрлық сервисіне және ІР телефонияға қосылуға мүмкіндік береді. Атырау қаласында оптикалық желілердің үлесі 60%-ға, Құлсары қаласында 10-нан 37%-ға дейін үлесі ұлғаяды. Сондай-ақ, мұндай жұмыстар байланыстың мыс желілеріне де жүріп жатыр. Операциялық бюджеттен 2024 жылға бөлінген қаражатына сәйкес желілік және стансалық байланыс құрылғыларына күрделі жөндеу жоспарында Ақжар, Талқайраң, Бесікты ауылдарының абоненттерін толық оптикалық желілерге ауыстыру жоспарланып отыр. Осылайша, қала бойынша 5500 абонент мыс желісінен оптикаға ауысады, жалпы инвестициялар сомасы 162 млн теңгені құрайды, – деді Е.Дүйсемалиев.
Өз кезегінде Серік Шәпкенов әлі күнге дейін 3G базалық стансасы қосылмаған елдімекендерді интернетпен қамту үшін компания мен әкімдік арасында бағдарлама жасауды ұсынды. Сонымен қатар, білім беру және денсаулық сақтау мекемелері келесі жылы 100% оптикалық желімен қамтуды тапсырды.
– Цифрлық өнімдердің күнделікті адамның өмірімен байланысы артып келеді. Бұл ретте телекоммуникациялық қызметтердің сапасын арттыру саланың басты мәселелерінің бірі. Мен елдімекендердің тұрғындарымен өткен кездесуімде олардың басым бөлігі интернет желісінің жылдамдығы төмендігін, кейбірі мүлде жоқтығын айтады. Мен республикалық көрсеткішті көрсетіп, біздің облыста интернет едәуір жақсы екенін айтамын. Десе де, біз де сапаның жақсарғанын қалаймыз. Облыста 3G базалық стансасынсыз отырған 19 елдімекен бар. Түсінемін, ол жерлерде абонент аз шығар, десе де заманына қарай адамы. Егер тиімсіз болса, әкімдік пен компания арасында бағдарлама жасап, оптикалық желі жүргізіп, жұмысты ыждағаттайық, – деді С.Шәпкенов.
Жиын соңында облыс әкімі Серік Шәпкенов пен «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев өңірде байланыс және интернетке қатынау сапасын арттыру туралы меморандумға қол қойды.
– Бүгінгі жиында өңірдегі желілік инфрақұрылымды дамыту және халықты барлық заманауи телекоммуникациялық қызметпен, сервиспен қамтамасыз ету, сондай-ақ, 5G желісін дамыту жоспарын талқыланды. Қазіргі уақытта Атырауда «Қазақтелеком» компаниялар тобы бесінші буынның 8 базалық стансасын орнатты. Осы жылдың соңына дейін тағы 8 базалық станса орнатады. Сөйтіп келесі жылы 5G базалық стансаларының санын 40-қа дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, бүгін қол қойылған меморандум аясында облыс тұрғындарын жоғары жылдамдықты интернетпен және сапалы байланыспен қамтамасыз ету үшін өз желілерімізді одан әрі дамытуға, бірлесе жұмыс істеуге келістік, – деді Қ.Есекеев.