Айтқали Нұрғалиев қайтыс болды
Атыраулық ардагер журналист Айтқали Нұрғалиев 77 жасында өмірден өтті. Бұл туралы БАТЫС.ИНФО хабарлайды.
Айтқали Құмарғалиұлы өңірде телеарна негізін қалап, БАҚ саласын дамытуға зор үлес қосты. Телеарнаның техникалық жағынан тиімді жабдықталуына, шығармашылық деңгейін арттыруға біраз тер төкті. Оның бастамасымен елімізде, атап айтқанда, Атырауда алғаш рет аймақтық деңгейде көркем телесериалдар түсіріліп, көрсету басталды.
Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
– Сан жылдық тарихы бар «Атырау» газетінде, «Атырау» телеарнасында ұзақ жыл еңбек етіп, қазақ публицистикасының дамуы жолында өзіндік дара қолтаңбасын қалдырған Айтқали Құмарғалиұлы туралы өткен шақта жазудың өзі ауыр. Қазақ журналистикасына ерекше стиль әкелген Айтқали аға туралы көп нәрсе айтуға болады. Ең бастысы, қашанда кішіпейіл, кісілік келбетінен айрылмаған ағамыз кемел парасат иесінің үлгісі болып қала береді. Бақұл болыңыз, аға! Қазақ журналистикасының абызы Айтқали Құмарғалиұлының қазасына байланысты, Атырау облысы әкімдігі атынан отбасына, туыстарына қайғырып көңіл айтамыз, – деп жазды ол өзінің әлеуметтік парақшасында.
Айтқали Нұрғалиев 1946 жылы 27 тамызда Құрманғазы ауданында дүниеге келген. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 1967–1979 жылдар аралығында сол кездегі «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Атырау») газетінің әдеби қызметкері, бөлім басшысы, редакциялық алқа мүшесі болды. 1979–1987 жылдары Қазақстан Компартиясы Гурьев обкомы насихат және үгіт бөлімінің нұсқаушысы, 1987–1995 жылдары халық депутаттары Гурьев облыстық Кеңесі атқару комитетінің жанындағы телерадиохабарларын тарату комитетінің төрағасы, 1989–1992 жылдары облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы және өңірлік телевизияның ашылуына бастамашы болды, барлық ұйымдастыру және шаруашылық жұмыстарға жетекшілік жасады.
Ол – «Ерен еңбегі үшін», «ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы», «Золотой вестник», «Мәдениет қайраткері», «Ақпарат саласының үздігі», «ҚР Еңбек сіңірген журналисі», Құрманғазы ауданының Құрметті журналисі, министрлік пен ҚР Журналистер одағының құрмет грамоталары және басқа да көптеген марапат иесі.