Береке ықшам ауданында дәрігерлік амбулатория ашылды
Бүгін №3 қалалық емханаға қарасты «Береке» дәрігерлік амбулаториясы ашылды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев пен Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев және NCOC компаниясының басқарушы директоры Оливье Лазар қатысты.
Жаңа дәрігерлік амбулатория медициналық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік бағдарлама аясында салынды. Мұндағы 33 кабинет заманауи компьютерлік техникамен, интернетпен толық жабдықталған. Жаңа амбулаторияда 7 мыңнан астам тұрғын медициналық көмек ала алады. Бір ауысым 80 емделушіге арналған.
— Халық саулығын арттыру облыс әкімдігінің мемлекеттік басқарудағы басты бағыттарының бірі. Қолданыстағы нысандарды жаңартып, жаңа нысандарды іске қосу әкімдіктің және компаниялардың атсалысуымен жасалынып жатқан жұмыстар. Береке мөлтек ауданы жаңа аудандардың бірі болып саналады. Осы жерден дәрігерлік амбуляторияның ашылуы бұл халықтың күнделікті алатын қызмет сапасын арттыру болып табылады. Баршаларыңызды нысанның ашылуымен құттықтаймын, — деді Ж.Бисембиев.
Амбулаторияда жалпы тәжірибелік дәрігерлердің 5 кабинеті, күндізгі стационар, егу және емдеу мен гинекология, стоматология, дәрігерге дейінгі қарау кабинеті, балалар бөлмесі, 8 кереуетті күндізгі емхана бар.
— Бүгінгі күнге дейін Береке тұрғындары №3 қалалық емханаға келіп медициналық қызмет алса, енді отбасылық-дәрігерлік амбулаторияда қызмет көрсетуге толық жағдай жасап жатырмыз,-деді №3 қалалық емхананың директоры Айман Өтегенова.