Украинадағы соғыста журналист жараланды
Украинаның Донецк облысында Deutsche Welle неміс басылымының операторы Евгений Шилко жарақаттанды. Журналистің сөзіне қарағанда, Краматорск ауданында украин әскери қызметкерлерінің жаттығуын түсіріп жүрген кезде түсірілім тобы атқылауға ұшыраған. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.
Deutsche Welle мәліметінше, Ресей армиясы кассеталық оқ-дәрілермен соққы жасаған. Бір украин әскери қызметкері қаза болған, бірнеше жауынгер жарақаттанған.
Шилко қазір украин ауруханасында жатыр. Жағдайы тұрақты деп айтылады.
Ресей Украинаға басып кіргелі бері ондаған украин және шетел журналисі мен блогерлер опат болған. Былтыр Киевке жасалған ракета соққысының нәтижесінде Азаттықтың Украин қызметінің тілшісі Вера Гирич қаза болған.
Бұған дейін Ресей қорғаныс министрлігі Украина қарулы күштері тарапынан жасалған шабуылға бірнеше ресейлік журналист тап болғанын хабарлаған. РИА «Новости» агенттігінің әскери тілшісі Ростислав Журавлев қаза болған. Агенттіктің фото тілшісі Константин Михальчевский мен «Известия» қызметкерлері Дмитрий Шиков пен Роман Польшаков жарақаттанған.