Онлайн-дәрігер тегін көмектеседі
Қазақстанның отбасылық дәрігерлер ассоциациясы (ҚОДА) 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап қайтадан тегін медициналық онлайн консультациялар бере бастады. Онлайн косультациялар ҚОДА-ның стратегиялық серіктесі «Теңізшевройл» ЖШС қолдауымен өтеді.
Атырау облысы тұрғындары күн сайын, демалыссыз, жергілікті уақытпен сағат 08:00-ден 17:00-ге дейін онлайн консультация ала алады. Консультацияларды отбасылық дәрігерлер Facebook (@kafpkz), Instagram (@asvkazakhstan) парақшаларында және Telegram (@kzfamilydoc) каналында жүргізеді.
ҚОДА бұл жобаны 2020 жылдың наурыз айында COVID–19 індеті ел аумағында таралған уақытта іске қосты. Бұған дейін дәрігерлер 10 ай бойы онлайн консультациялар арқылы 6 000 науқасқа кеңес берді. Шамамен 200 науқас толыққанды психотерапия көмегін алды, яғни адамдардың психологиялық, тіпті суицидтік ауыр ахуалдан шығуына көмектесті.
ҚОДА консультацияларын алу үшін науқастардың басым бөлігінің физикалық тексеруден өтуі, яғни дәрігердің қабылдауына баруы міндетті емес. Науқастар қашықтан консультация алып, емханалар мен медициналық орталықтарға бармауына да болады, яғни инфекция жұқтыру қаупін төмендетеді.
Онлайн-форматтың тағы бір артықшылығы – дәрігерге мұқтаж шалғай ауыл тұрғындарының медициналық көмекті тегін алуы.