Атырауда темір жол вокзалы кеңейтіледі
Атырау қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа бағыттарға жүрдек пойыздардың қатынауымен жолаушылар саны артқан. Сол себептен темір жол вокзалын жанындағы автобекетпен біріктіру көзделіп отыр.
1972 жылы салынған вокзалдың сыйымдылығы 500 адамға есептелген. Қазір келушілер саны 6 есеге артып, 3 000-ға жеткен. Жол жүру бағыты да көбейген. Мәселен, студенттер Алматы мен Нұр-Сұлтанға, Маңғыстау мен Ақтөбеге көп қатынайды. Сондай-ақ, тіпті, Жылыой ауданындағы кәсіпорындарда вахталық әдіспен жұмыс істейтін жұмысшылар да осы вокзалдан жолға шығады.
– Жолаушылар ағының көбеюіне байланысты вокзалды кеңейту жоспарланып отыр. Осыған орай қасындағы автобекетті вокзалға қосып, аумағын кеңейтуге болады. Бұл жоспар автобекетті «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ балансына алғаннан кейін ғана жүзеге асырылады. Қазір автобекетті балансқа алу жұмысы жүргізіліп жатыр. Мұны өте тиімді жоба деп есептейміз, – дейді «Атырау магистральді желі» бөлімшесінің директоры Елубай Сапаров.
Оның айтуынша, алдағы уақытта облыс әкімінің бастамасымен «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның қолдауымен «Атырау–Құрманғазы» бағытына қатынайтын жүрдек пойыз іске қосылмақ. Бұл да вокзалға келушілердің санын арттырмақ.
– Вокзал аумағын кеңейту жоспары іске асатын болса, облысаралық автобустар үшін автобекетті басқа жерге ауыстыру мәселесі қарастырылатын болады. Біз оны Атырау қаласы маңындағы «Аламан» базарына көшіруді ойластырып отырмыз. Әзірге нақты шешім қабылданған жоқ, – «Смарт Атырау» КММ директорының орынбасары Рүстем Ерниязов.