Қарабау–Индер жолын салуға қажет қаражат бөліну мүмкін
Атырау облысындағы Қарабау–Индер тасжолын уақытында аяқтау үшін 2021 жылы республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі ұлғайтылуы мүмкін. Бұл туралы inbusiness.kz хабарлайды.
Бұған дейін Атырау облысынан сайланған мәжіліс депутаты Сәлімжан Нақпаев ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің басшысы Бейбіт Атамқұловқа облыстағы Индер және Қызылқоға аудандарынан бір-біріне қатынауға мүмкіндік беретін жол құрылысын аяқтау бойынша депутаттық сауал жолдаған.
– Осыған дейін 2021 жылға республикалық бюджеттен 1,7 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен 0,3 млрд. теңге бөлінген еді. Бұл қаражат өте мардымсыз көлемде еді. Облыс әкімдігі қосымша 3 млрд. теңге сұраған, – дейді Сәлімжан Нақпаев.
Белгілі болғандай, аталған министрлік депутаттың сауалын қарастыра келіп, жобаны уақытылы аяқтау үшін қосымша қаражат сұрап, 2021 жылға арналған республикалық бюджетті бірінші нақтылау кезінде қаржы министрлігіне өтінім жолдаған.