Ардагерлер ауласында сенбілік өткізілді
Атырауда әскерилер соғыс ардагерлерінің үйіне барып, ауласын қардан тазартып берді. Бұл туралы Атырау гарнизонының баспасөз қызметі хабарлайды.
Атырау қалалық қорғаныс істері жөніндегі біріккен басқарманың әскери қызметшілері Ұлы Отан Соғысы ардагерлері тұратын үйлердің ауласында сенбілік өткізді.
– Біз бүгінгі бейбіт үшін майдан даласында қанын төккен ардагерлерімізді ешқашан назардан тыс қалдырмаймыз. Ардагерлерге тек мереке күндері ғана емес, әрдайым көмек көрсетуге тырысамыз. Көктем айы басталысымен олар тұратын үйдің ауласын ретке келтіру туралы шешім қабылдадық, – дейді қорғаныс істері жөніндегі біріккен басқарманың бастығы, подполковник Батырхан Қазақов.
Ұлы Отан Соғысына қатысқан ардагерлердің бірі – әскери ұшқыш, запастағы капитан Айдын Айбаров. Биыл 100 жасқа толатын ардагер әскери қызметкерлермен кездескеніне қуанып қалды. Майдан даласынан естелік айтып беріп, әскери қызметшілерді туған күніне шақырды. Ғасыр жасаған майдангердің көңілі сергек, қимылы ширақ.
Ал ардагер сержант Закария Сұлтанов та соғысқа дейінгі және кейінгі өмірі туралы әңгімелеп берді.
– Соғысқа баруға өтініш білдірген соң, біз Орынбор мен Башқұртстанда әскери дайындықтан өттік. Содан кейін шаңғы батальонының құрамында Уфада құрылған мотоатқыштар бригадасының қатарына қосылдық, – дейді ардагер.
Майдангер Закария Сұлтанов Беларуссия мен Шығыс Пруссиядағы дүрбелең шайқастарда аяғынан екі рет жарақат алған. Алайда өжет мінезді жігіт сонда да майдан даласынан кетпеген.
– Екі жарақаттан кейін мені Калининград облысындағы гарнизондық қызметке тағайындады. Сол қалада Жеңісті қарсы алдым. Кейін туған жерге оралдым. Менің жадымда майдан даласынан естеліктер мен жарақаттарым қалды, – дейді соғыс ардагері Закария Сұлтанов