Қала аумағы ұлғаяды
Атырау қаласының құрамына 18 ауыл енгізіліп, қала аумағы 45 мың гектарға дейін ұлғаяды.
Атырау облыстық коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, бұл туралы аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Гүлбаршын Арыстанова мәлімдеді.
Отырысқа облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары мен онлайн форматта қала, аудан әкімдері қатынасты. Жиында өңірдегі бекітілген бас жоспарлардың жүзеге асырылуы мәселесі қаралды.
– Атырау қаласының бас жоспарын іске асыру кезеңдері – 2020–2030 жылдар. Жобаға сәйкес, қаланың құрамына 18 ауыл, соның ішінде, қала маңындағы 16 елдімекен және Махамбет ауданының 2 ауылы енгізіліп, облыс орталығының қазіргі аумағы 16 566 гектардан 45 871гектарға дейін ұлғаяды, яғни қаланың аумағы қосымша 29 305 гектарға өсуі болжанып отыр, – деді сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Г.Арыстанова.
Сондай-ақ, қаланы айнала, бірінші кезекте жүк көліктерін өткізу мақсатында Солтүстік және Оңтүстік жартылай айналма жолдан тұратын республикалық және жергілікті маңыздағы сыртқы көлік магистралімен қиылысатын айналмалы жүрдек автомагистралінің құрылысы жаспарланған. Оған қоса Жайық өзені арқылы көпір өткелі, 4 жол айырымы қарастырылған.
Айта кету керек, бүгінгі күні облыстағы 155 елдімекеннің 127-сі бас жоспармен қамтылған.