Атырау гарнизонында есепке алу науқаны басталды
Атырау облысының жергілікті әскери басқармасында биыл 17 жасқа толатын ер азаматтарды алғашқы әскери есепке алу басталды. Бұл туралы гарнизонның баспасөз қызметі хабарлады.
Науқан барысында биылғы жылы 4 мыңға жуық жас жігіт тіркеу куәлігін алатын болады.
Азаматтарды шақыру учаскелеріне тіркеу жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті әскери басқару органдарымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Іс-шара жастарды әскери есепке алу, олардың санын, әскери қызметке жарамдылық дәрежесін анықтау, білім деңгейін, мамандығы мен дене дайындығын зерделеу үшін қажет.
Тіркеу науқаны Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңына сәйкес қаңтардан наурызға дейін өтеді. Осы уақыт ішінде бозбалалар әскери қызметке жарамдылығын растайтын медициналық тексерістен өтіп, оларға қатысты қажетті құжаттар тексерілетін болады.
Егер әскери есепке алушының денсаулығы бойынша күдіктер мен сырқаттар анықталса, ол емдеу-профилактикалық орындарына жіберіледі.
Бозбалалар шақыру пункттеріне оқу орындарының алғашқы әскери дайындық мұғалімдерінің сүйемелдеуімен келеді.
Барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін есепке алу пунктіне тіркеу туралы куәлік беріледі.
Қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің хабарлауынша, 2004 жылы туған жас жігіттер кезекпен шақырылып жатыр.
Тіркеу процедурасы міндетті болып табылады, сондықтан ата-аналар бұған түсіністікпен және жауапкершілікпен қарауы керек.
Облыстың барлық жергілікті әскери әкімшіліктерінде есепке алу науқаны наурыз айында аяқталады, ал балалары тіркеуден және медициналық тексеруден өтпеген ата-аналар тұрғылықты жері бойынша қорғаныс істері жөніндегі бөлімге немесе басқармаға хабарласуы керек.