Танысын алдаған әйел сотталды

Атырауда танысының 2 млн. 300 мың теңгесін алдап алған алаяқ бас бостандығынан айырылды.

Облыстық соттың баспасөз қызметі мәлімдегендей, сот өндірісінде қаралатын қылмыстың көп таралған түрі алаяқтық болып отыр. Алаяқтар азаматтардың сеніміне кіріп, алдаудың түрлі тәсілін қолданады.

– Бұл категориядағы істерден анықталғаны – жер учаскелерін, пәтерлерді, ірі көлемдегі несиелерді алып беруге, жұмысқа орналастыруға уәде беру. Статистика көрсеткендей, алаяқтықтың түрі көп. Соған қарамастан азаматтар қырағылықты жоғалтып, қалағанын заңсыз жолмен алғысы келеді. Сондай істердің бірі Атырау қаласының №2 сотында ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабының 1-бөлігімен көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін азамат А.-ға қатысты іс қаралды.
Сотта анықталғандай, азамат А. өзінің материалдық жағдайын жақсарту үшін алаяқтық ниетпен жәбірленуші Ж.-мен кездескен. Оның сеніміне кіріп, банктен 50 млн. теңге несие алып беремін деп жалған айтқан. Сөйтіп, танысының 2 млн. 300 мың теңгесін иемденіп алған, – деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Сот отырысында азамат А. кінәсін мойындап, процестік келісім жасауға өтініш білдірген. Сот үкімімен айыпталушы тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды.
Оның ауыр емес санаттағы қылмысты жасағаны ескеріліп, 1 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған. Жәбірленушінің азаматтық талабы қанағаттандырылды.