Әйелді тонаған күдікті ұсталды
Атырау облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, 15 қаңтар күні сағат 07:48 шамасында Полиция басқармасының 102 операторына белгісіз біреудің 35 жастағы әйел адамға күш көрсете отырып сөмкесін ұрлап, қашып кеткендігі жөнінде хабарлама түскен.
Оқиға Вокзал маңы-5 ықшамауданында орналасқан 16 үй тұсында болған.
Жәбірленушінің сөмкесінде 3 000 теңге ақшасы, «Samsung» маркалы ұялы телефоны мен әмияны болған.
Хабарлама бойынша оқиға орнына дереу жеткен Атырау қаласы Полиция басқармасының Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Жедел басқару орталығының қызметкерлерімен бірлесе отырып, санаулы минуттардың ішінде 26 жастағы күдіктіні қолындағы айғақ заттармен ұстады.
Аталған дерек бойынша, ҚР ҚК-нің 191-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен тергеу амалдары жүргізілуде.