Қазақстанда жүргізуші куәлігін көрсету міндетті болмайды
Президент қол қойғаннан кейін, көлік жүргізушілеріне куәлік және техникалық паспортсыз жүргені үшін айыппұл салынбайды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
Елімізде ҚР Парламенті Сенаты депутаттары жол қозғалысына байланысты заң қабылдады. Заң нормаларына сәйкес, полицейлер енді жүргізуші құжаттарын қызметтік база арқылы тексере алады.
– Енді, автомобиль рөліне отырған кезде, өзіңізбен бірге жүргізуші куәлігін және техникалық паспортты тасып жүру міндетті болмайды. Бұл елімізде жүргізіліп жатқан цифрландырудың нәтижесі, – деді Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.
Атап өту керек, заңның бұл нормасы тек Қазақстан азаматтарына ғана қатысты. Шетелдік нөмірлі машина иелері немесе жүргізуші куәлігін шет елде алған азаматтар өздерімен бірге құжаттарын алып жүруге міндетті.