Атыраулықтар көп оқитын әдеби кітаптар
ҚазАқпараттың хабарлауынша, Атырауда майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» кітабы көп оқылады екен.
Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Ғалия Баяшеваның айтуынша, мұндағы қорда 350 288 кітап бар. Кітапханаға 17 300 оқырман тіркелген. Былтырғы 18 наурыздан бері қашықтан жұмыс істейтін кітапханада 211 онлайн шара өтіп, оның әлеуметтік желідегі қаралымы 125 408-ге жеткен.
– Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында қазақ жазушыларының кітаптары көбірек оқылады. Әсіресе, қазақ жазушылары Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар», М.Әуезовтің «Абай жолы» және І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы көп оқылым жинады. Сондай-ақ, оқырмандар мотивациялық кітаптарды жиі сұрайды. Қазір мұндай тақырыптағы кітаптар қорға біртіндеп жинақталуда, – дейді Ғалия Баяшева.