Мақатта да «сервистік әкімдік» ашылды
Кеше Мақат ауданының әкімдігі жаңа «сервистік әкімдіктің» есігін айқара ашты.
Мұндай форматтағы әкімдіктер бұдан бұрын барлық аудандарда және облыс орталығында ашылған еді.
Ореn-space форматында халыққа қызмет көрсету аймақтарын қамтитын осы «сервистік әкімдіктер» «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде құрылған.
– Мемлекеттік органдар жұмысының «сервистік» модельге көшуі мемлекеттік қызметшілердің жаңа ұйымдастырушылық мәдениетінің көрінісі және халыққа қызмет көрсетудің қолайлы ортасын құруды мақсат етеді, – деп атап өтті ашылу салтанатына арнайы қатысқан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Қанат Сүлейменов.
Сервистік әкімдіктердің басты шарттары – азаматтар үшін қолайлы жағдайлар жасау болып табылады. Мәселен, күтуге арналған ыңғайлы залдар, кеңес беруге арналған алаңдар, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары, ақпараттық стенділер, WI-FI желісі, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін де қолайлы жағдай туғызбақ.